Бизнесті жүргізу

Шетелдік жұмыс күшін тарту

Квота

«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілейді.

Рұқсат (шетелдік жұмыс күшін тартуға)

Жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдар берген шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар негізінде тартады.

Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағындағы жергiлiктi атқарушы органдар жұмыс берушiлерге халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсаттар бередi немесе қайта ресiмдейдi не рұқсат беруден бас тартады немесе ұзартады, және де осы рұқсаттарды тоқтата тұрады және қайтарып алады.

Жергілікті атқарушы орган берген рұқсатты басқа жұмыс берушілерге беруге болмайды, жұмыс берушінің рұқсат алған шетелдік жұмыскерлерді өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында орналасқан кәсіпорындарға, ұйымдарға күнтізбелік бір жыл ішінде жиынтығы күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге іссапарға жіберуін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ғана қолданылады.

Мемлекеттік баж

Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және шарттарда, сондай-ақ алымдарды төлеу кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес беріледі немесе ұзартылады.

Рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін жұмыс берушілерден "Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі № 157 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелеріне сәйкес салық алымы (бұдан әрі – алым) алынады.

Осы тармақтың жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені немесе қайта ресімдегені үшін алым төлеуге қатысты ережесі корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.

Квотадан және шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу талаптарынан босату

Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталар мен рұқсаттарды алуға қатысты заңнамада белгіленген талаптар келесі шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды:

  1. дербес бiлiм беру ұйымдарында, олардың ұйымдарында, сондай-ақ "Назарбаев Қорында" басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс iстейтiн жоғары бiлiмдi;
  2. мемлекеттік органдарда жұмыс iстейтiн, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртіппен расталған құжаттары бар;
  3. Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттар жасасқан Қазақстан Республикасының ұйымдарында жұмыс істейтін, сондай-ақ, аталған заңды тұлғалар (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында (іздестіру және жобалау қызметін, инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) көрсетілетін қызметтерді орындаушы ретінде инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейінгі мерзімге тартатын ұйымдарда басшылар және жоғары білімі бар мамандар ретінде, сондай-ақ инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттарда айқындалатын кәсiптер тізбесіне және санына сәйкес білікті жұмысшылар ретінде жұмыс істейтін;
  4. құны бір миллион айлық есептік көрсеткіштен жоғары жобалары бар, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары болып табылатын заңды тұлғаларда, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың аталған қатысушылары (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе арнайы экономикалық аймақтар аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау кезеңінде орындаушы ретінде және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның бiрлескен шешiмiмен бекітілген тәртіппен халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және мүдделі мемлекеттік орталық орган өкілдері арасынан комиссия айқындайтын санаттар тізбесіне және санына сәйкес объект (объектілер) пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейін тартатын ұйымдарда жұмыс істейтін;
  5. экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуға келген;
  6. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын;
  7. шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының немесе өкілдіктерінің бірінші басшылары болып жұмыс істейтін;
  8. еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсаттары талап етілмейтін адамдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбесінде көзделген;
  9. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркінде немесе "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне қатысушыларда басшылар лауазымдарында және жоғары білімі бар мамандар болып жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.

Көрсетілген квоталарды сақтау және шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу жөніндегі талаптардан босатылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тізбегінен басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 желтоқсандағы No 802 қаулысымен еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсатын талап етпейтін адамдардың тізбесі белгіленді (https://adilet.zan.kz/rus/docs/P1600000802), оған сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мынадай санаттарын тарту үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты талап етілмейді:

1. Қандастар.

2. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін келген бизнес көшіп келушілер.

3. Босқын немесе пана іздеп жүрген адам мәртебесiн алған.

4. "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес гуманитарлық себептермен келген көшіп-қонушылар болып табылатындар.

5. Қазақстан Республикасы соттарының үкімдері бойынша бас бостандығынан айыруға, шартты, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалауға сотталғандар.

6. Адам саудасымен байланысты нақты қылмыстық істі жүргізу кезеңінде сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам саудасының құрбандары болып табылатындар.

7. Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатымен келетін, кәмелеттік жасқа толған, Қазақстан Республикасы азаматының жұбайы (зайыбы) болып табылатын және кемінде үш жыл Қазақстан Республикасы заңнамасында танылған некеде тұратындар.

8. Қазақстан Республикасының оқу орындарында күндiзгi оқу нысанында оқитын және сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес оқудан бос уақытында жұмыс iстейтiндер.

9. 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары болып табылатындар;

10. Теңіз және өзен кемесінің, әуе және теміржол көлігі экипажының мүшелері болып табылатындар.

11. Әртiс, режиссер, дирижер, хормейстер, балетмейстер, спортшы және жаттықтырушы болып жұмыс iстейтiндер.

12. "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары және органдары тартатындар.

13. Қазақстан Республикасының аэроғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттары шеңберінде тартылатын, ғарыштық зымыран кешенін құру және жердегі ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану жөніндегі мамандар болып табылатындар.

14. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiм беру ұйымдарында ұйым штатының 25 пайызынан аспайтын, ал халықаралық интеграцияланған білім берудің оқыту бағдарламаларын іске асыратындар үшін ұйым штатының 50 пайызынан аспайтын педагогикалық қызметтi жүзеге асыратындар.

15. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ерекше мәртебе берiлген жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы қатарындағы, сондай-ақ жоғары оқу орындарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған құжаттары бар басшылар және жоғары білімді оқытушылар лауазымдарында жұмыс істейтіндер және экономика салалары үшін кадрлар даярлауды жүзеге асырушылар.

16. Шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының немесе өкілдіктерінің бірінші басшылары, сондай-ақ жарғылық капиталында шетелдік жүз пайыз қатысу үлесі бар қазақстандық заңды тұлғалардың бірінші басшылары мен оның орынбасарлары болып жұмыс істейтіндер.

17. Жиынтық мерзімі күнтізбелік бір жыл бойы күнтізбелік бір жүз жиырма күннен аспайтын іскерлік мақсаттағы қызметтік іссапарда жүрген адамдар.

18. Қазақстан Республикасының Үкіметімен ақшаға шаққанда 50 миллион АҚШ долларынан астам сома инвестицияға келісімшарт жасаған ұйымдардың бірінші басшылары және қызметтiң басым түрлерiнде инвестициялық қызметтi жүзеге асыратын және инвестициялар жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiмшарт жасаған Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының бiрiншi басшылары болып жұмыс iстейтiн.

19. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған құжаттары бар жоғары білімді, ұлттық басқарушы холдингте құрылымдық бөлімшелердің басшылары лауазымынан төмен емес лауазымдарда жұмыс істейтіндер.

Ұлттық басқарушы холдингтің директорлар кеңесінің мүшелері ретінде жұмысқа тартылатындар.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге